03 тамыз 2020: Алматылықтарға біліктіліктерін арттыру үшін 5000 сoursera.org лицензиясы тегін ұсынылады

Алматы қаласының Цифрландыру басқармасы мен Жұмыспен қамту орталығы 5000 адамға әлемнің жетекші университеттерінің курстарынан ақысыз негізде өтуге мүмкіндік беру үшін Coursera компаниясымен келісімге қол қойды. Келісімге сәйкес тек 2020 жылдың 30 қыркүйегіне дейін тіркеу процесінен өткен пайдаланушылар ғана 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейін курсқа тегін қатыса алады.

Қазіргі таңда білім алу үшін оқу мекемелеріне барып, дәрістер мен практикалық сабақтарға қатысу міндетті емес. Үйде отырып оқуға және білім алуға көмектесетін сайттар мен сервистер жеткілікті. Осындай ірі және беделді сервистердің бірі – әлемнің үздік университеттерінің онлайн-курстары ұсынылғанCoursera онлайн білім беру платформасы болып табылады.

Қазіргі уақытта 48 елдің 200-ден астам университеті Coursera-ның серіктесі, олардың қатарында Стэнфорд, Пенсильвания, Принстон, Мичиган, Пекин университеттері де бар. Сондай-ақ компания Coursera үшін курстар әзірлеумен айналысатын IBM, Google және PwC секілді ірі компаниялармен байланыс жасайды.

COURSERA ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ?

Курстар тапсырмалар, күнделікті тестілер мен қорытынды емтихандардан тұрады, курстың соңында тыңдаушыға сертификат беріледі. Курстардың ұзақтығы таңдалған бағдарламаға қарай 6-10 аптаны құрайды.

Онлайн-платформаның барлық материалдары: сөздік және жаттығулар кешені бір жерде орналасқан. Жүйе жаңадан үйреніп жүргендерге, сондай-ақ академиялық немесе кәсіби білім деңгейлерін көтергісі келетіндерге қажетті курстарды оңай әрі жеңіл табуға мүмкіндік береді.

ӨТІНІМДІ ҚАЛАЙ БЕРУГЕ БОЛАДЫ?

Coursera курсынан өту үшін өтінімді almaty.coursera@mail.kz мекенжайына жіберіп, міндетті түрде өз аты-жөніңізді, қызмет түрі мен электрондық мекенжайыңызды қалдырсаңыз жеткілікті.

Кейін Сіздің электрондық мекенжайға шақыру туралы хабарлама келеді. Тіркелгеннен кейін сіз ІТ, қолданбалы және гуманитарлық ғылымдар, экономика, медицина, менеджемент, маркетинг және көптеген бағыттар бойынша сайтта ұсынылған кез-келген курсты таңдай аласыз. Өтінім берілгеннен кейін сізге 5 күннің ішінде жауап келеді. Егер сіз кабинетіңізді екі апта қолданбасаңыз, сіздің жазбаңыз жойылады. Оқуға жіберілетіндердің саны шектеулі – 5000 адамды құрайды.