03 қыркүйек 2020: 2500-ге жуық студент пен жас мамандар coursera.org сайтында тегін оқудан өтуде

Алматы қаласының Цифрландыру басқармасы мен Жұмыспен қамту орталығы ұсынған арнайы бағдарлама дүниежүзіне танымал coursera.org онлайн оқыту платформасында жаңадан тегін білім алып, біліктілікті арттыруға мүмкіндік береді. Бағдарлама бойынша бір айдың ішінде Алматының 2500-ге жуық студенті мен жас мамандары осы ұсынысты пайдаланып үлгерді. Ең сұранысқа ие курстардың ондығына Communication, Computer Programming, Mathematics, Probability and Statistics, Statistical Programming, Data Analysis, Leadership and Management, Entrepreneurship, Theoretical Computer Sciences and Finance кіреді. Жалпы, орта есеппен алматылықтар 2 курстан өтіп жатыр, бұл жас мамандардың кәсіби тұрғыдан дамып, еңбек нарығында өздерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға деген ниеті мен қажеттілігін дәлелдейді. 

Цифрландыру басқармасының басшысы Баян Қоңырбаев: «Біздің арнайы әзірлеген бағдарлама әлемнің жетекші компаниялары мен университеттерінен тегін негізде білім және кәсіби тұрғыдан тәжірибе алуға мүмкіндік береді. Бағдарлама бойынша 5000 адам осындай ерекше мүмкіндікті пайдалана алады. 2020 жылдың 30 қыркүйегіне дейін тіркеуден өткен пайдаланушылар ғана 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейін курстарға тегін кіруге мүмкіндік алады».

COURSERA ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ЖАСАЙДЫ?
Курстарда тапсырмалар, апта сайын тестілер беріліп, қорытынды емтихан алынады, курстың соңында тыңдаушыға сертификат беріледі. Курстар таңдалған бағдарламаға қарай 6-10 аптаға созылады.
Онлайн-платформаның барлық материалдары, сөздік пен жаттығулар кешені де бір жерде орналасқан. Жүйе жаңадан кіргендерге, сондай-ақ академиялық немесе кәсіби білім деңгейін арттырғысы келетіндерге қажетті курстарды жеңіл әрі оңай табуға мүмкіндік береді. 

ӨТІНІМ ҚАЛАЙ БЕРІЛЕДІ?
Coursera арқылы курстан өту үшін 2020 жылдың 30 қыркүйегіне дейін almaty.coursera@mail.kz мекенжайына аты-жөніңіз, қызмет түрі мен электрондық мекенжайыңызды міндетті түрде көрсетіп, өтінім жолдау қажет.
Әрі қарай сіздің электрондық мекенжайға шақыру туралы хабарлама келеді. Тіркеуден өткеннен кейін сайтта ұсынылған ІТ, қолданбалы және гуманитарлық ғылымдар, экономика, медицина, менеджмент, маркетинг секілді көптеген басқа курстарды таңдай аласыз.
Өтінім берілгеннен кейін сізге 5күннің ішінде жауап келеді. Егер сіз жеке кабинетіңізге екі аптадан артық кірмесеңіз, сіздің курсқа қатысуыңыз тоқтатылады. Оқудан өтушілердің саны шектеулі, 5000 адамды құрайды.