Алматыда әкімдік қызметкерлеріне арналған киберқауіпсіздік бойынша оқыту өтті
2025 жылғы 3 наурызда Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің тапсырмасын іске асыру, сондай-ақ 2023 жылғы 28 наурыздағы № 269 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген 2023–2029 жылдарға арналған цифрлық трансформация, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту және киберқауіпсіздік тұжырымдамасының 53-тармағына сәйкес «Киберқауіпсіздікті (кибергигиенаны) қамтамасыз ету» тақырыбында оқыту іс-шарасы өтті.
Іс-шараны Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ақпараттық қауіпсіздік комитеті мен Алматы қаласы Цифрландыру басқармасы бірлесіп ұйымдастырды. Оқытудың мақсаты – Алматы қаласы әкімдігі басқармалары мен аудандық әкімдіктерінің қызметкерлерінің киберқауіпсіздік және ақпаратты қорғау мәселелері бойынша хабардарлығын арттыру.
Іс-шара аясында саланың жетекші сарапшылары баяндама жасады:
- Керімбаев Сұлтанғазы Сәкенұлы, ҚР ЦДИАӨМ АҚК Ақпараттық қауіпсіздікті дамыту басқармасының сарапшысы – «Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері» тақырыбында баяндама жасап, деректерді қорғау және ақпараттың таралып кетуінің алдын алу механизмдеріне тоқталды.
- Маер Александр Александрович, «ГТС» АҚ бас талдаушысы – «Ақпараттық кеңістіктің қауіпсіздігі: қауіптер, шабуылдар, қарсы шаралар» тақырыбындағы баяндамасында қазіргі заманғы киберқауіптер, оларды анықтау әдістері және тиімді қарсы іс-қимыл шаралары туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Сондай-ақ, ақпараттық қауіпсіздік саласының сарапшылары «Social Engineering» және «Мемлекеттік сектордағы ақпараттық қауіпсіздік» тақырыптарында баяндама жасап, әлеуметтік инженерияның негізгі механизмдерін, психологиялық шабуылдар мен манипуляциялардан қорғану әдістерін түсіндірді. Сонымен қатар, олар мемлекеттік деректерді қорғаудың маңыздылығын және мемлекеттік мекемелердегі қауіпсіздікті реттеудің негізгі аспектілерін атап өтті.
Оқыту интерактивті форматта өтіп, 60 тыңдаушы қатысты. Қатысушылар деректерді қорғау және киберқауіптерді болдырмау бойынша құнды білім мен практикалық ұсыныстар алды. Іс-шара мемлекеттік қызметкерлердің цифрлық сауаттылығын арттыру және ақпараттық кеңістіктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам болды.